2025 жылы 10 сәуір күні Ж. Кизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің базасында Қазақстан Республикасында жұмысшы мамандықтар жылына орай «Орман білгірлері» атты өңірлік квест ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары арасындағы интеграция тәжірибесін жинақтау және тарату, сондай-ақ орман шаруашылығы саласы үшін мамандар даярлау сапасын арттыру. Квестке Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының білім алушылары қатысты. Қатысушылардың жұмыстарын кәсіби қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының құрамында: – Девятайкин О.В. – СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Есіл орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары; – Семкина Н.В. – ОШЭТЖК жанындағы «Қоршаған орта. Орман шаруашылығы» бейіні бойынша ОӘБ жетекшісінің орынбасары; – Ермоленко Н.Д. – ОШЭТЖК-нің оқу ісі жөніндегі жетекшісінің орынбасары; – Костылева С.В., Молдыбаев М.Ш., Қойшыбай А.Б., Соколовская С.А. – Ж.Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің арнайы пәндер оқытушылары. Командалар орман дайындау және орман шаруашылығы жұмыстарына, орманды өрттен қорғауға қатысты кәсіби тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, орман ресурстарын өсіру және тиімді пайдалану бойынша тапсырмаларды шешіп, топографиялық материалдармен жұмыс істеу дағдыларын көрсетті. Білім алушылар өздерінің жоғары кәсіби дайындықтарын дәлелдеді. Ұпай айырмашылығы өте аз болғанымен, жарыстың жеңімпаздары: І дәрежелі диплом Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің «Орман құндыздары» командасына берілді. Команда құрамында – «Орман шаруашылығы» мамандығының 4-курс студенттері Предко Григорий мен Агеева Ярослава. ІІ дәрежелі диплом колледжіміздің «Ёлки-палки» командасына бұйырды. Құрамында – «Орман шаруашылығы» мамандығының студенттері Герасимов Владислав пен Сироткин Артем. ІІІ дәрежелі дипломды «Бүркіт» командасы жеңіп алды. Команда құрамында – 2-курс студенттері Ахмаров Вадим пен Хамзин Қайымхан. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Іс-шара соңында қонақтарға колледж бойынша таныстырылым экскурсиясы ұйымдастырылды.


